12 қар, 2021 сағат 21:13

Алмаз Шарман: Ревакцинация жыл сайын жасалуы мүмкін


Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман мегаполисте жедел репираторлы вирустық инфекцияның өршуіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғалымның айтуынша, коронавирус, тұмау және жедел респираторлы вирус инфекциясының симптомдары ұқсас. Бірақ коронавируста дәм, иіс жоғалып, ентікпе пайда болуы мүмкін. 

«Коронавирусты ПТР тесті арқылы анықтаған жөн. Оның белгілері болса талдау жасау және кез келген жағдайда, тіпті коронавирус болмаса да, оқшаулау ұсынылады», - деп кеңес берді профессор Алмаз Шарман. 

Профессор қала тұрғындарын коронавирусқа ғана, тұмауға да қарсы белсенді вакциналануға шақырды.

«Мен коронавирус вакцинасын алдым, ал жақында тұмауға қарсы егілдім. Бұл екі түрлі инфекция және олардың өзара ұқсас болуы мүмкін. Қосарланған инфекцияның салдары әрқашан ауыр болады», - деді спикер. 

Сондай-ақ, ол қазірдің өзінде вакцинацияланған азаматтарға, әсіресе 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар адамдарға коронавирусқа қарсы ревакцинация алу керектігін айтты.

«Израиль ғалымдары коронавирус инфекциясына иммундық жауаптың вакцинаның алғашқы екі дозасынан соң 6 айдан кейін төмендейтінін дәлелдеді. Сондықтан ревакцинация ұсынылады. Ол қаншалықты жиі қажет болатыны әлі нақты белгісіз. Ол жыл сайын өтуі мүмкін, мұның бәрі пандемияның қалай болатынына байланысты», - деді Алмаз Шарман. Профессор коронавирус инфекциясы эндемиялық болғандықтан, бізбен ұзақ уақыт болады деп санайды. Сондықтан мүмкіндігінше көп адамның вакциналануы және ревакцинациядан өтуі өте маңызды.