Бүгін Алматыда коронавирусқа қарсы отандық «QazVac» вакцинасын салу басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мамандардың айтуынша, бүгін түске дейін «MegaPark ойын-сауық орталығында 100 адамға отандық вакцина егілді.
Алматылық Ғалия Сатыбалдиева отбасында бірінші болып вакцина алғанын айтады.
«Мен вакцинаны жаңа алдым. Екпені өз еркіммен салдырдым. Оған ешкім мәжбүрлеген жоқ. Қазақстанның вакцинасын салдырдым. Осы маңда типографияда жұмыс істеймін. Бұған дейін коронавируспен ауырғаным жоқ, содан қорғану үшін екпе алуды жөн көрдім. Енді менен кейін отбасы мүшелері де салдырады деп ойлаймын», - дейді ол.
Қалалық №5 емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Гүлзат Байзақова «QazVac» вакцинасының ерекшеліктері жайлы айтып берді

«Бүгін бізге 100 доза вакцина жеткізілді. Бұның ресейлік вакцинадан айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Отандық вакцинаны 2-8 градуста сақтауға болады. «Спутниктің» бір ампуласында 5 доза болатын, мұнда бір доза. Алғаш рет отандық вакцинаны қаңтарда 2 мыңдай дәрігер алған, олардың жағдайы жақсы және екпе өз тиімділігін көрсетті. Алмалы ауданында осындай екпе салатын 12 орын құрылған, бүгіннен бастап оларда «QazVac» салынып жатыр», - дейді дәрігер.

Ерікті азаматтардан басқа, бүгінде екпе алғандардың арасында студенттер, сауда орталығының қызметкерлері, «Жас Отан» жастар қанаты мен «Nur Otan» партиясының өкілдері болды.







