Алматыдағы Медеу ауданының полицейлері АҚШ азаматшасына ақшасын қайтарып алуға көмектесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлерге белгісіз жекеменшік такси жүргізушісінің шетелдікті Алматы халықаралық әуежайынан "Қазақстан" қонақүйіне дейін 40 мың теңгеге жеткізгені жайлы хабар келіп түскен.
"Бұл туралы бірінші болып қонақүй қызметкерлері хабарлады. Олар 102 пультіне хабарласты. Жекеменшік жүргізушінің аты-жөні бірден анықталды. Ер адам шетелдік азаматшаның қаланы білмейтінін пайдаланып, бағаны көтерген. Нәтижесінде жүргізуші 53 жастағы әйелге ақшасын қайтарды. Әйел, өз кезегінде, қазақстандықтарға көрсеткен көмектері үшін алғыс білдірді", - деп хабарлады Медеу аудандық ІІБ басшысы Болат Тотыбаев.
Еске сала кетейік, биыл жазда Астанада да осындай жағдай болған еді. ЭКСПО көрмесіне келген Венгрия азаматын әуежайдан қалаға жеткізген астаналық такси жүргізушісі алдап кеткен болатын.