22 сәу, 2020 сағат 14:26

Алматылық оқушы әлемнің 9 университетінен шақырту алды

Алматы қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Наргиз Сейсек әлемнің тоғыз университетінен бірдей шақырту алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Толық білім беру грантын Наргизге Hong Kong Baptist University және Lawrence University ұсынып отыр. Сондай-ақ, зияткерге алты америкалық жоғары оқу орындары жеңілдік беруге дайын. 

Наргиздың портфолиосы химия пәнінен республикалық, желілік олимпиадалардың жүлделі орындары мен медальдарына, сондай-ақ ғылыми байқаулардағы жетістіктерге толы. 

«Мен барлық жерде Chemical Engineering факультетін таңдаймын. Химияға деген махаббатты менде 10 сыныпта мықты ұстаз Зәуре Ділманова оятты. Ұстазым мені олимпиадаға және ғылыми жобаларға қатысуға ынталандырды. Зияткерлік мектебіндегі ұстаздарымның арқасында мен осындай жетістікке қол жеткіздім. Химия саласының келешегі зор. Осы бағытта еліміздегі өндірістерді дамытуға ат салысқым келеді», - дейді Наргиз.

Айта кетерлігі, болашақ түлек UNESCO клубының белсенді қатысушысы ретінде UNESCO және Model United Nation он шақты сессиясына Зияткерлік мектептің атынан қатысып, үздік спикер және үздік делегат атағына ие болған.