Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Альберто Алонсоның «Кармен сюитасы» балетінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматыда Ресейдің халық әртісі, Үлкен театрдың прима-балеринасы, «Ла Скала» театрының этуалі Светлана Захарова өнер көрсетті. Ол Алматыға алғаш рет 2012 жылы қарашада келген болатын. Сол кезде ол Руслан Скворцовпен «Жизель» спектаклінде ойнады.
«Майя Плицеская – аңыз адам. Мен «Кармен – сюита» балетінің премьерасын дайындау кезінде онымен біраз жұмыс істеу бақытына ие болдым. Бұл оның мерейтойларының бірі және Үлкен театрда атап өтілді. Сол кезде қойлымға Альберто Алонсоның өзі келген болатын. «Кармен сюита» спектаклі менің өмірімдегі ең маңызды спектакльдердің бірі. Мен оны көптеген жылдар бойы әлемнің әртүрлі сахналарында билеп келемін. Бұл қойылым әлі де сұранысқа ие және көрермен оны қуана тамашалайды», - дейді прима-балерина.
Айта кетейік, 2021 жылдың 30-31 қазанында Алматыда аты аңызға айналған Майя Плицескаяның 95 жылдығына арналған IV Халықаралық Ballet Globe, фестивалі «Аққу көлі» спектаклімен ашылды.
Ballet Globe фестивалінің негізін қалаушы Ерлан Андағұловтың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – халықты балет өнерінің сан қырлы әлемімен: жоғары классикадан бастап заманауи хореографиялық өнердің бірегей картиналарына дейін таныстыру.
«Жыл сайынғы фестиваль кеңінен танымал. Бұл фестиваль әлем жұлдыздарының басын қосады. IV Халықаралық Ballet Globe фестивалі- шын мәнінде тарихи оқиға. Сонымен қатар, біздің әсем театрымыздың сахнасында біздің заманымыздың ең жарқын әлемдік жұлдыздарының бірі Светлана Захарованың Алматыға келуін балет сүйер қауым көп жыл күтті», - деді ол.