07 мау, 2021 сағат 20:21

Алматылық кәсіпкерлер вакцина науқанын арттыруға көмектесіп жатыр – басқарма басшысы


Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мегаполисте 316 407 адам вакцина алғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаланың бас дәрігерінің айтуынша, кәсіпкерлер тұрғындарды вакцина алуға шақырып, түрлі акциялар мен ұтыс ойындарын ұйымдастырып жатыр. 

«Бізде вакцина штабы жұмыс істейді, оның құрамында кәсіпкерлер де бар. Шағын және орта бизнес өкілдері вакцина алу бизнесті қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін айтты. Өткен жылдың жазында СОСО жұмыс істемегені есімізде. Бүгінде қабылданған шаралардың арқасында қайтадан ашылды, сауда орталықтары мен базарлар да егу пункттері бар. Кәсіпкерлер вакцина науқанын арттыруға көмектесіп жатыр», – деді Нариман Табынбаев. 

Оның айтуынша, бұл бизнестің, қоғам мен мемлекеттің қалыпты өмір салтына деген ұмтылысы. Алматыда Наурызбай және Алатау аудандары халыққа вакцина салу бойынша көшбастап тұр. 

Өз кезегінде Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин халықты вакцинаға ынталандыру халықаралық тәжірибе екенін айтты. 

«Израиль мен АҚШ-та ұтыс ойындары ұйымдастырлды. Олар миллион долларға дейін ұтыстар өткізді. 17 ел халықты вакцинаға ынталандыру үшін осындай шараларды өткізді. Бізде скутер, тұрмыстық техника, iPhone ойнатылды. Менің ойымша, бұл дұрыс, өйткені вакцина алу қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы. Әрине, антиваксерлер оны ұнатпайды. Мұнда түсіндіру жұмыстары да, экономикалық ынталандыру да болуы керек. Бұл науқан оң нәтиже береді», – деп қосты Жандарбек Бекшин.