Фото: Tengrinews.kz
Қазақстанда ешқашан бейбіт шерушілерге қарсы қару қолданылған жоқ. Бұл жайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Ұсынылған барлық фактіге қарамастан кейбір дерекөздері Қазақстанда биліктің бейбіт шерушілермен күресі жүріп жатқанын айтуда. Бұл мүлдем жалған ақпарат. Біз ешқашан бейбіт шерушілерге қарсы қару қолданған жоқпыз, қолданбаймыз да. Осыны білген Қазақстанға шабуылдаушылар агрессияның бірнеше толқынын жасады», - деді Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бірінші кезеңде бейбіт наразылықтар болды. Одан кейін Алматыда саяси митинг өтті.
«Содан соң қалаға үш бағыттан қорқаудың үлкен тобы сияқты қарулы содырлар лап берді. Бастапқыда олар өздерін бейбіт шерушілер ретінде көрсетті. Құқық қорғау күштерін, тіпті қала тұрғындарын жаңылыстырды. Ал содан кейін тарихта Алматы трагедиясы деп аталатын жайт орын алды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп жатыр. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.
