14 там, 2018 сағат 15:57

Алматыдағы түлектің өліміне қатысты мән-жайды мектеп әкімшілігі айтып берді

Алматыда 16 жастағы жасөспірім 18 жастағы мектеп түлегін өлтірді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша М.Әуезов аудандық ІІБ-де сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Аталған қылмысты жасады деген күдікпен 16 жастағы жасөспірім қалалық ІІД уақытша оқшаулау орнына қамалды. Ол қылмыс жасағанын мойындады», - деді қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар, полиция қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген адамдарды анықтау үшін тергеу жүргізуде.

Алматыдағы № 173 лицейдің басшылығы Жанұр Байқоныс мектептің бұрынғы оқушысымен төбелескеннен кейін қаза тапқанын айтады.

Мұғалімдері марқұмның сабырлы, салмақты болғанын және қытайлық ЖОО-ға түсуді жоспарлағанын, бірнеше тіл білетінін айтып отыр. Жанұр Байқоныс ҰБТ тапсырудан бас тартып, Қытайға кеткісі келіпті.

«Жанұр биыл мектеп бітірді, үздік емес, бірақ «4» пен «5»-ке оқыған. Ағылшын, орыс, неміс және қытай тілдерін білді. Биыл ол ҰБТ-дан бас тартып, Қытайға кеткісі келген. Достары Жанұрдың 20 тамызда Қытайға аттанғалы жатқанын айтты. Сабырлы, салмақты бала еді. Жекпе-жекке шығып, төбелескен», - деді №173 мектеп-лицейінің әкімшілігіндегілер.

Жанұр Байқонысты өлтірді деген күдікті одан бір сыныпқа төмен оқыған және № 173 мектеп-лицейінде оқыған. Мұғалімдердің мәліметінше, олар бұған дейін жанжалдаспаған. ТЖ кешкі уақытта болған.

«Екінші баланың ата-анасы осы ауданнан баспана сатып алып, оны бізге жетінші сыныпта алып келген, сегізінші сыныпта ол басқа мектепке ауысты», - деді лицейдегілер.

Бүгін «Ақсай» университетіндегі емхана бас дәрігерінің орынбасары Шахеризада Ахашеваның 18 жастағы ұлы кісі қолынан мерт болғаны белгілі болды.

Баланың өлімі жайлы С.Асфендиаров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің сайтында жазылды. Дәрігердің әріптестері оның қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан.

«С.Асфендиаров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ұжымы «Ақсай» университеттік емханасының бас дәрігерінің орынбасары Шахеризада Ахашеваның 18 жастағы баласы Жанұрдың қаза болуына байланысты қайғырып көңіл айтамыз. Жаннұр биыл мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түскен болатын», - делінген жазбада.