Алматыдағы үш адамды ағайынды екі жігіт қаққан. Күдіктілердің анасы олардың мұндай қадамға өздерін қорғау үшін барғанын алға тартады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күдіктілердің анасы Нәзира Әлікееваның айтуынша, ұлдары Жандос пен Дінмұхамед кафеге туысқандарының туған күніне барған.
«Мен өз ұлдарымды білемін ғой. Олар - ақкөңіл, адамгершілігі мол балалар. Әрине, жас болған соң қызуқандылық болар, бірақ ерсі қылық, оғаш мінез көрсеткен емес. Сол түні олар туған күнге барған. Балаларыма 13 еркек өздері келіп тиіскен. Ерегестің себебі, қыздар болуы мүмкін, бірақ ол туралы анық айта алмаймын. Десекте, олар өздерін қорғағысы келген. Менің балаларым олардан бақандай 10-15 жас кіші. Ұрып соғуды солар бастаған. Егер қатты зардап шексе, жәбірленуші болса, онда неге полицияға әлі арыз түсірмеген. Мен ақиқатын анықтауға бар күшімді саламын», - дейді күдіктілердің анасы Назира Әлікеева.
Оның сөзіне қарағанда, оқиға болған күні күдіктілердің анасы басқа қалада жүрген.
«Мен үйде болмадым. Кеше түнде келдім. Қазір полицияға барам. Қорғаушы жалдаймын»,- дейді күдіктілердің анасы.
Назира Әлікееваның айтуынша, ол екінші ұлының қайда жүргенін білмейді.
Күдіктілердің бірі 26 тамыз күні кешке ұсталған болатын. Ол Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, 1995 жылы туған А. есімді азамат. Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адам қылмыс жасау кезінде ақ түсті Toyota Camry маркалы автокөлігін жүргізген.
Естеріңізге салайық, 26 тамызда таңғы сағат 5-те Алматы қаласы Бостандық ауданы Гагарин көшесінде болған қақтығыстан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Видео әлеуметтік желіде тарады.