22 қыр, 2025 сағат 13:45

Алматыдағы KitapFest-2025: Арбаттағы әдебиет мерекесі


Фото: Ult.kz


Алматының тағы бір таңы ерекше шабытпен атты. Қала күнімен қатарласқан KitapFest-2025 Арбатты тағы да руханияттың алтын бесігіне айналдырды. Бұл – жай ғана мереке емес, кітап пен оқырманның, сөз бен ойдың, автор мен қоғамның тоғысқан сәті. Демалыс күндері Ult.kz тілшісі кітап фестиваліне қатысып қайтты. 


Арбат бойы биыл ерекше сәнге бөленді: 60 баспадан 10 мыңнан астам кітап ұсынылды, оның 2 мыңы алғаш рет оқырман қолына жетті. Әр мұқаба – жаңа әлемге ашылған есік, әр бет – жаңа ойдың бастауы.



Фото: Ult.kz


Қаламгер мен оқырманның жүздесуі


Сахна төрінде белгілі авторлар – Сауле Досжан, Ақберен Елгезек, Мақсат Мәлік, Бигелді Ғабдуллин, Жәди Шәкенұлы, Бақыт Беделхан және басқа да қаламгерлер оқырманымен тікелей жүздесті. Өлең оқып, әңгіме шертіп, қолтаңба беріп, әдебиеттің тірі тынысын сыйлады.



Фото: Ult.kz


Ақын Әлібек Шегебай да өзінің қуанышын жасырмады:



«Әр жыл сайын қала күні мерекесі жоғары деңгейде өтеді. Биылғы KitapFest-2025 – соның дәлелі. Арбат алаңында бүкіл Қазақстанның баспалары мен кітапханалары бас қосып, жаңа кітаптарын ұсынды. Осы аяда мен де Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай жарық көрген «Қара сөз қара өлеңге айналған» атты кітабымның тұсауын кестім», – деді ол.



Ал ақын Ерлан Жүніс KitapFest-ті Алматының рухани өміріндегі ерекше құбылыс деп бағалады:



«Кез келген қаланың әлеуметтік-экономикалық тіршілігінен бөлек мәдени-рухани тынысы бар. Сол тынысты толықтыратын – кітапханалар мен осындай фестивальдер. Әсіресе, бұл мерекенің Алматының туған күнімен тұспа-тұс өтуі қала халқына ерекше рухани серпін берді», – деді ол.


«Жанды кітапхана» мен жаңа жобалар


Фестивальдің ерекше аймақтарының бірі – «Жанды кітапхана». Мұнда Абайдан Шекспирге дейінгі классиктер актерлердің бейнесінде оқырманмен «тілдесті». Estelik Zone балаларды ертегілер әлеміне жетелесе, «Кітапашар» букинистикалық жобасы қонақтарға күтпеген әдеби сапар сыйлады.



Фото: Ult.kz


Арбатта буккроссинг аймақтары, шеберлік сабақтары, фотозоналар қызу өтті. Бір жерде балалар балшықтан мүсін жасаса, басқа жерде жастар комикс салып, бейнеролик түсіріп жатты. TrendZone-дағы TikTok-фондары мен Instagram-аймақтары жастардың сүйікті мекеніне айналды.


Кітап – қаланың жүрегінде


Фестивальдің алғашқы күнінде 30 мыңнан астам адам қатысып, 10 мыңнан аса кітап сатылды. Бірақ бұл тек статистика емес – әрбір сатылған кітап өз оқырманын тапқан жаңа тағдыр, жаңа әңгіме.



Фото: Ult.kz


KitapFest – ойға батыратын, қиялды қанаттандыратын, ұрпақтар арасын жалғайтын мереке. Арбаттағы серуен енді тек қадам емес, кітап беттерінде жүргендей әсер қалдырды. Қазақ әдебиетінің классиктерін сомдаған әртістер халықпен араласып, бейне бір кітап кейіпкерлері мұқабадан шығып кеткендей болды.



«KitapFest – бұл жай ғана кітап мерекесі емес. Бұл – ұрпақтар арасындағы сұхбат орнайтын, әдебиет қала өмірімен қайта тоғысатын кеңістік», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сауле Досжан.



Алматының жүрегінде өткен KitapFest-2025 әдебиетсүйер қауымды тоғыстырып, қалаға рухани тыныс қосты. Арбат тағы да жыр мен ойдың, кітап пен қиялдың мекеніне айналды.


Ақбота Мұсабекқызы