Алматыдағы блокпоста төтенше жағдай режимі кезінде пара алған полиция қызметкері сотталды. Қылмыстық іс жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылдың 5 мамырында Алматы қаласының Әуезов аудандық сотының үкімімен қалалық Полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің инспекторы Б.Қ.Тыныштықбаев 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған, сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы еңбек ету құқығы берілмейді. Ол ТЖ кезеңінде фильтрациялық блокпостан кедергісіз өткізу үшін азаматтардың бірінен 20 мың теңге пара алған», - деді Данияр Бекайдаров.
Ол, сонымен қатар, Атырау қалалық №2 сотының үкімімен Г.Тәуірбаев атты азаматқа 112 500 теңге айыппұл салынғанын хабарлады. Ол азамат блокпост арқылы кедергісіз өту үшін Атырау облыстық ПД инспекторының шотына 15 мың теңге пара аударған.