23 қыр, 2021 сағат 12:50

Алматыдағы атыс: Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке бір ай уақыт берді


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Алматыдағы атысқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қоғамда резонанс тудырған Алматыда таяуда орын алған қайғылы оқиғаға жеке тоқталғым келеді. Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтамын. Полиция қызметкерлері мен сот орындаушысы өздерінің қызметтік борышын атқарды. Өкінішке орай өздеріне шабуыл салдарынан қаза тапты. Адам өлтіруді оның қандай да бір себебі болса да ақтауға болмайды. Өркениетті қоғамды мұндай сипаттағы кез келген дау мен проблема тек қана құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Бұған қоса, орын алған қайғылы жайттың мән-жайын тыңғылықты ашу керек. Бұл - сөзсіз, трагедия. Мұндай жайт неліктен орын алғанын анықтау қажет. Кредиторлар мен проблемалы заемщылар арасындағы әсіресе тұрғын үйге қатысты қарым-қатынас өте нәзік. Мұны білеміз әрі заңдық жетілдіруді талап етеді», - деді Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес барысында.


Президент мұның банктердің кепіл саясатына, бағалау қызметін жетілдіруге, жеке сот орындаушылардың жүмысына және өзге де аспектілерге қатысты екендігін атап өтті. Бұл мәселеде ашық және бірыңғай сот тәжірибесін қамтамасыз ету маңызды екендігіне баса назар аудартты. 

«Үкіметке, Ұлттық банкке және Қаржылық реттеу агенттігіне бір ай мерзімнің ішінде заңнамалық және нормативтік түзетілер топтамасын дайындау тиіс. Тағы да қайталап айтамын, егер оған қажеттілік болса. Дегенмен мен мұндай қажеттілік туындап отыр деп санаймын. Бірақ мамандар бұл проблеманы тағы да бір мәрте тыңғылықты зерделеуі тиіс. Сонымен қатар Үкімет пен Алматы әкімдігі қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің барлығына, бірінші кезекте балаларға қолдау көрсетуі қажет.

Балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Олар қоғамдағы немқұрайдылық пен құқықтық негилизмнің құрбаны болды. Балалар қоғамымыздың әділдігіне деген сеніммен өскені маңызды. Түзетулер, егер олар дайын болса, Үкімет, мамандар мұқият зерделеп, жұртшылықпен келісіліп, келесі жылдың басынан бастап күшіне енуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.