
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов атыс кезінде қайтыс болған бесінші адам туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бесінші адам - үйді сатып алған кісінің танысы. Ол куәгер ретінде бірге келген", - деді Таймерденов арнайы брифингте.
Айта кетейік, 20 қыркүйекте кешке Алматыда атыс болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушысына, полиция қызметкерлеріне және аулада болған өзге екі адамға аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде бес адам қаза тапты. Екі полиция қызметкері, бір жеке сот орындаушысы және екі тұрғын. Олардың бірі - үйдің жаңа иесі, екіншісі - оның танысы.
1967 жылы туған күдікті ұсталды. Ол 20 жылға немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
1361 рет оқылды