Алматыда жер сілкінісі туралы алдын ала хабар беретін құрылғы орнатылып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Сейсмология институты 2018 жылдан бері «Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы сейсмикалық қауіпті аймақтарды кешенді зерттеу және күшті жер сілкінісі туралы алдын-ала ескерту жүйесінің негіздерін жасау» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізуде.
«Сол бағдарламаны іске асыру аясында институт жапондық шешім базасында тестілеу режимінде ерте хабардар ету жүйесінің 9 сейсмикалық станциясын орнатты. 2023 жылға дейін сейсмикалық датчиктермен, автономды қуат көздерімен жабдықталған тағы 28 станция орнату, сондай-ақ Сейсмология институты мен ТЖД-де диспетчерлік пункттер ашу жоспарлануда»,-дейді Бақытжан Сағынтаев.
Жүйе автоматты режимде жойқын сейсмикалық толқынның қалаға жақындағаны туралы сигнал береді және тұрғындарға ерте ескерту жасалады. Ескерту Darmen мобильді қосымшасының көмегімен іске асады. Жер сілкінісі туралы сигнал 40 секундқа дейінгі аралықта хабарланады.
