Алматыда Sulpak дүкені алдындағы ағаштарды кесу ісі бойынша сот отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы судьядан кінәліге бас бостандығын айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Айыпталушы бұл жұмыспен жылдар бойы айналысып келді. Ол жасыл желектерді кесуге тыйым салу туралы заңды білуі керек. Пробациялық бақылау орнатып, кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыруды және 4 жылға соттауды сұраймын», - деді прокурор.
Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, соттан 339-бапты 340- бапқа ауыстыруды сұрады.
«Менің кәмелетке толмаған балаларым және қарт ата-анам бар, бұл шешім олар үшін үлкен соққы болады. Алматы тұрғындарынан жасаған ісім үшін кешірім сұраймын. Мұны ескеруіңізді өтінемін, құрметті судья. Кешіріңіз!. Мен енді не істегенімді түсіндім. Мен әлі жаспын, сондықтан Алматы үшін көп нәрсе істеуге тырысамын. Ағаш отырғызамын, көгалдандыру жұмыстарына атсалысамын. Мен өзімді ақтап жатқан жоқпын. Бірақ сізден жазаны жеңілдетуіңізді сұраймын. Менің кішкентай балаларым бар, менен басқа оларды тәрбиелейтін ешкім жоқ», - деді Жанна Нұртаева
Еске салайық, былтыр 23 қараша күні Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.
Кейін Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды.
Мемлекет басшысы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.
Ал, биылғы жылдың наурызында Sulpak дүкені алдындағы ағаштардың оталуына қатысты іс сотқа берілді.
