27 мам, 2021 сағат 13:56

Алматыда вакциналау қарқынын арттыру керек – Бекшин


Алматыда жаппай вакциналау басталғалы бері 296 296 адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Мұндай деректі өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин келтірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жандарбек Бекшин вакциналау қарқынын күшейте түсу керектігін атап өтті. Ол үшін Алматыда барлық жағдайлар жасалған, коронавирусқа қарсы егілетін үш вакцина халықтың сұранысы бойынша қамтамасыз етілген. 

Бүгінде Алматыда медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандары мен қаланың СОО-да 211 вакцинация пункті бар. 1256 адамнан тұратын 307 егу бригадасы жұмылдырылды. 

Қазір Алматыда вакцинаның I компонентінің 32 614 дозасы, II компонентінің 109 673 дозасы қалды. 

Жандарбек Бекшин коронавируспен ауырғандардың жасына қарай құрамына күнделікті талдау жүргізілетінін айтты. 

«Ауру деңгейі 40-59 жастағы азаматтар арасында 1,1%-ға және 60 жастан жоғары адамдарда 0,9%-ға төмендеген. Алайда 20-дан 40 жасқа дейінгі жастар арасында үлес салмағы 1,7%-ға ұлғайған, бұл жастағылар көп жағдайда басқаларға қарағанда коронавирусқа қарсы екпені алу қажеттігін елеп-ескермейді», - деп атап өтті ол.