30 мам, 2017 сағат 18:07

Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ көшбасшылары мен полиция полковнигі ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі Алматыда арнайы операция жүргізді. Ұйымдасқан қылмыстық топ көшбасшылары мен мүшелері, сондай-ақ полиция полковнигі ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«29 мамырдан 30-на қараған түні Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп кәсіпкерлерден ақша бопсалау, ҚР мен ҚХР мемлекеттік шекарасы арқылы контрабанда каналдарын ұйымдастыру және адам ұрлау, тапсырыспен адам өлтіруді қоса алғанда, басқа да қылмыстармен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу үшін арнайы операция жүргізді», - деп мәлімдеді ҚР ҰҚК баспасөз қызметінен.

Жедел іздестіру шаралары кезінде қылмыстық топтың көшбасшылары мен белсенді мүшелері ұсталды. Олардан көптеген қару мен оқ-дәрі тәркіленді. Бұған қоса, олармен қоса Алматы қаласы ІІД Әуезов ауданы ІІБ бұрынғы басшысы, полиция полковнигі Б.Қасабеков те қолға түсті. ҰҚК мәліметінше, оның аталған қылмыстық топтың көшбасшыларымен байланысы болған.

Тергеу нәтижелері туралы кейінірек қосымша хабарланады.