09 мау, 2020 сағат 09:50

Алматыда ұсталған екі қылмыстық топтан тағы бірнеше қару-жарақ табылды

Алматыда қару өткізумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.

Бұрын хабарланғандай, 27 мамырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Алматы қаласы мен Алматы облысында арнайы операция жүргізген. Нәтижесінде екі ұйымдасқан қылмыстық топтың заңға қайшы әрекетінің жолы кесілді. 

«Фигуранттардың тұрғылықты жерін тінту кезінде әртүрлі 11 қару мен 200-ден астам оқ-дәрі алынды. Ұсталған топ мүшелері сотқа дейінгі тергеу процесінде кінәсін мойындап, тергеумен ынтымақтасуға келісті. Одан басқа, екі күдікті бұрын жасырылған атыс қаруы мен оқ-дәріні ерікті түрде беретін болды» делінген хабарламада. 

Аталмыш екі адамның көрсетуімен 1 маусымда Алматы облысының Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында патрондары бар «Калашников» автоматы, «Сайга-410» қылмыстық кесінді карабині және келте аңшы мылтығы табылып, алынды. 

Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.