Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүше елдерінің Сыртқы істер министрлері бас қосып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сыртқы істер министрлер кеңесінің кезекті отырысы ҚР СІМ басшысы Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен ашылды.
ҚР СІМ басшысы РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты Ресей күнімен, футболдан әлем чемпионатының ашылуымен құттықтады.
Сонымен қатар, Қайрат Әбдірахманов армян өкілі Зограб Мнацаканянды жаңа қызметімен құттықтады.
«Сіздер қауырт шаруаларыңызға қарамастан Алматыдағы шараға келіп қатысып жатқандарыңызға алғыс білдіремін. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деді Қайрат Әбдірахманов.
Басқосу күнтізбесінде 12 мәселе қарастырылады.
Министрлер ұйым жанындағы сыртқы саясат мәселелері бойынша үйлестіруді, сондай-ақ халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқыламақ. Кездесу барысында делегаттар трансшекаралық сын-қатерлер, бірінші кезекте террористік ұйымдар тарапынан болатын қауіп-қатерлерге қарсылық көрсету бойынша тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар, министрлер Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының арнайы жол картасында белгіленген «БҰҰ халықаралық бейбітшілік қызметін дамыту мүддесінде (2018-2021 жылдарға арналған) ҰҚШҰ бейбітшілік тудыру әлеуетін пайдалануға жағдай жасау» тақырыбын талқылайды.
Сондай-ақ, «ҰҚШҰ мен Халықаралық Қызыл крест пен Жарты ай комитеті мен ҰҚШҰ арасындағы хаттама», «ҰҚШҰ мүше елдері мүдделеріне сәйкес үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту бойынша шаралар жоспары», ҰҚШҰ мүше елдерінің заңсыз көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді қарастырды.