09 там, 2018 сағат 10:20

Алматыда такси тонаумен айналысқандар ұсталды

Екі жас жігіт тоқтатқан таксидің ішіндегі жолаушыларды да, жүргізушіні де тонау арқылы оңай олжа тауып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олар межелі жеріне жеткенше салондағы ұялы телефондар мен әмияндарды ұрлап отырған. 

«Күдіктілер негізінен 200-300 теңге төлеп, аз қашықтыққа отыратын болған. Осы уақыт аралығында салондағы барлық мүлікті алып кетіп отырған. Кей күндері жұмысқа жалғыз шықса, екі күндері жұбымен шығып отырған. Ұрлаған заттарын ломбардқа өткізген, ал ақшаны өз мақсаттарына жұмсаған», - дейді Алмалы аудандық ІІБ басшысы Данияр Мендебаев.

Полиция ұрыларды арнайы операция арқылы ұстаған. 

Олардың бірі - 21 жастағы Алматы облысының тумасы болса, екіншісі - 19 жастағы Алматы тұрғыны. 

«Үлкені бұрын да кісі мүлкін ұрлағаны үшін істі болған. Тек Алмалы ауданының өзінде осыған ұқсас 10 қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені анықталды. Басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр», - деді подполковник Мендебаев.