11 нау, 2026 сағат 11:26

Алматыда суррогат ана Қытай азаматтарынан ақысын ала алмай жүр: олар шала туған баладан бас тартқан


Фото: ktk.kz


Алматыда суррогат ана Қытайдан келген ерлі-зайыптыдан өз қызметі үшін уәде етілген ақшасын ала алмай отыр. Айтуынша, тапсырыс берген тарап шала туған баладан бас тартып кеткен. Әйел бұл жағдай бойынша полицияға жүгінген, деп хабарлайды Ult.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.


27 жастағы Кристина Гаврилюк қаржылық себеппен суррогат ана болуға келісім берген. Келісім бойынша оған 7,5 миллион теңге сыйақы төленуі тиіс болған. Эмбрион Алматыдағы клиникалардың бірінде салынған.


Жүктілік кезінде болашақ ата-ана келісілген төлемдерді уақытылы беріп, ай сайын шамамен 200 мың теңге төлеп отырған. Алайда жүктілік асқынғандықтан, Кристина жетінші айда мерзімінен бұрын босанған. Осыдан кейін клиенттер шала туған ұлды алудан бас тартқан.


Суррогат ананың айтуынша, кесарь тілігінен кейін сәбиді бірден алып кеткен. Біраз уақыттан соң медицина қызметкері баланың қайтадан өзіне тапсырылғанын айтқан. Бұған дейін биологиялық ата-ана баланың денсаулығын тексеру үшін түрлі анализдер мен ДНҚ-тест жүргізуді талап еткен. Тексеру нәтижелері баланың олардың биологиялық ұлы екенін растаған.


Алайда осыдан кейін тапсырыс берушілер байланысқа шықпай қойған. Кейінірек куратор арқылы баланы алып кетуден бас тартатынын жеткізген.


Кристина Гаврилюк дүкенде сатушы болып жұмыс істейді, оның алты жастағы қызы бар. Бұған дейін ол екі рет суррогат ана болып, екі жағдайда да келісім сәтті аяқталған. Ал үшінші рет уәде етілген сыйақыны ала алмаған.

Әйел бөтен баланы тәрбиелеуге дайын емес екенін айтып, босанғаннан кейін нәрестеден бас тарту туралы өтініш жазған.


Биологиялық ата-аналар туралы ақпарат аз. Олар Қытай азаматтары екені белгілі. Қазіргі уақытта олардың қайда жүргені белгісіз. Ал процедура жүргізілген клиника бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, тексеріс нәтижесінде қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері анықталмаған.


Осыған байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылып, мәселені азаматтық-құқықтық тәртіппен сот арқылы шешу ұсынылған.


Қазақстанда суррогат ана болу заңмен рұқсат етілген. Бұл қатынастар «Неке және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Заңға сәйкес, суррогат ананың медициналық көмек алуға, денсаулығын қорғауға және келісілген сыйақыны алуға құқығы бар.


Құқық қорғаушылардың айтуынша, әйел сотқа жүгініп, өз құқығын қорғауға тырысуы керек. Ал биологиялық ата-ана шетел азаматтары болғандықтан, Қытай елшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне жүгіну ұсынылған.

Заңгер Ғабит Өмірбековтің пікірінше, биологиялық ата-анаға қатысты ата-аналық міндеттерін орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесін қарастыруға болады.


Қазір жаңа туған сәби балалар үйінде. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Нәресте салмақ қосып келеді. Бала ата-анасы бас тартқан балалар санатына жатқызылып, оның тағдырына қатысты жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алған.