02 шіл, 2025 сағат 09:39

Алматыда студенттерді қолдауға арналған дағдарыс орталығы құрылады

Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды университет ректорларымен кездесу өткізіп, жаңа оқу жылына дайындық барысын, жатақхана жағдайын және студенттердің қала өміріне белсене араласуын талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Әкім мегаполисте 200 мыңнан астам студент білім алатынын, бұл – елдегі студенттердің үштен бірін құрайтынын айтып, олардың әл-ауқаты мен дамуы үшін жүйелі қолдау қажет екенін атап өтті.

Қалада студенттерге арналған жатақханалардың жай-күйін тексеру басталып кетті. Сонымен қатар, студенттерге қолдау көрсету мақсатында дағдарыс орталығын құру және өтініштерге жедел жауап беретін қалалық ахуалдық штаб ашу жоспарланған.

Ректорлар білім беру жүйесін жаңғырту, кампустар инфрақұрылымын жақсарту және жастарды экологиялық, қалалық жобаларға тарту туралы ұсыныстарын жеткізді. Алматының түркі әлемі жастарының астанасы мәртебесіне сай мәдени-білім беру іс-шаралары өтетіні де сөз болды.

Дархан Сатыбалды жастардың белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру үшін осындай бірлескен жұмыстар қажет екенін атап өтті.