07 мам, 2021 сағат 09:53

Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық комиссияның екінші отырысы өтті


Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн форматта саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның екінші отырысын өткізді, деп хабарлады "Ұлт ақпарат".

Комиссия жұмысының басты мақсаты - саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жан-жақты зерттеу және шешу. 

Алматыда қалалық комиссиясының 2021 жылға арналған жұмыс жоспары іске асырылуда, оның аясында ғылыми, сараптамалық әлеуеті және барлық мүдделі ұйымдарды тарта отырып, жұмыс жүргізілуде. 9 қалалық жұмыс тобы құрылып, мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерделеу бойынша негізгі бағыттар айқындалды. 

Комиссия төрағасының орынбасары, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, доцент Бауыржан Жанғұттин қуғын-сүргін түрлерін, қуғын-сүргінге ұшырағандардың санаттарын нақтылау және жинақталған ақпарат тізбесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі жұмыс тәсілдері бойынша жұмыс топтарының жетекшілері Ш. Забих, М. Губайдуллина, А. Құдайбергенова, Н. Алпысбаева, Б. Қабдушев, Г. Нұрымбетова, Г. Мұқанова, Т. Құлтаев, З. Төленова тыңдалды. 

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Р. Алшанов, «Орталық Мемлекеттік мұрағат» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры С. Шелдібай және т. б. ұсыныстар мен түсініктемелер берді.

Қалалық комиссия төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров барлық ақпаратты жинаудың маңыздылығын атап өтті. Барлық мұрағаттық деректерді ретке келтіру және топтастыру негізсіз болған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға елеулі серпін береді. Осыған байланысты қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алуға арналған бірыңғай сайт, сондай-ақ Алматы аумағында қамау орындарының интерактивті картасын құру мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.

Комиссия жұмысы тиімділігінің басты көрсеткіші өткен ғасырдың 30-жылдары репрессияға ұшыраған тағдыр иелерін, олардың есімдерін, қала тұрғындарын ақтау болып табылады, сол арқылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын толық ақтау жөніндегі тапсырмасы орындалады. Осы бағытта сапалы жұмысты бастау да тапсырылған. 

Алматы қаласы комиссиясының жұмыс топтарына саяси себептер бойынша негізсіз қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы ақпарат алмасу және бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін елдің өзге қалалық және өңірлік комиссияларымен өзара іс-қимыл жүйесін жолға қою, сондай-ақ шетелдік мұрағаттармен жұмыс мәселесін пысықтау тапсырылды. Қалалық басқармалар мен тиісті ұйымдар саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысына жәрдем көрсетуі қажет.

Айта кетейік, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық комиссияның жұмысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес басталды.