Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов онлайн брифинг барысында қазақстандық жұлдыздар қатысқан тойдың видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Видео кадрларынан мереке жас жұптың үйлену тойына арналғанын көруге болады. Іс-шараға қатысушылар арасында Роза Рымбаева, Сәкен Майғазиев, Айдана Меденова болған. Тойда Сәкен Майғазиев «Сәуірден бастап тәуір күндеріміз бастала берсінші» деген тілек айтады.
«Бұл видеоны тексердік. Карантин талабын бұзу дерегі анықталды. Бейнежазба зерттелуде, содан кейін материалға заң тұрғысында баға беріледі. Бұл адамдарды бәріміз білеміз, танимыз. Олардың көпшілігі Алматыда тұрады. Егер бұзушылық расталса, шараға қатысушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деді Сәдуақас Байғабылов.
Айта кетейік, Алматыда жыл басынан бері карантин шараларын бұзушы 3 мыңнан астам адамға 200 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Жыл басынан бері 13 500-ден астам нысан тексерілді, 1 573 ереже бұзушылық анықталды. Карантинді бұзғандарға қатысты 3018 хаттама толтырылды, айыппұлдың жалпы сомасы 202 миллион теңгеден асады.
Айта кетейік, мониторингтік топтардың құрамына жергілікті полиция қызметінің өкілдері кіреді, олар басқа да заң бұзушылықтар үшін хаттамалар толтыруға құқылы.
Мониторинг топтары демалыссыз және мереке күндері де жұмыс істейді.
Байғабыловтың айтуынша, карантин шараларын бұзу фактілері қоғамдық тамақтану орындары мен дүкендерде жиі тіркеледі.