05 мау, 2020 сағат 12:00

Алматыда полиция күдік тудырған соң тоқтатқан көліктен қару-жарақ табылды

Алматы полициясы 20 жастағы жігіттің көлігінен қару тәркіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Полиция Алатау ауданында «Тойота Королла» көлігін тоқтатқан. 

«Таңғы сағат 5:00 шамасында Доспанов көшесінде жүргізушіден күдіктенген «Буран-027» экипажы көлікті тоқтатқан. Полицияны көрген ол сытылып жанама көшеге бұрылмақ болған. Көлікте 19-20 жастағы 5 жігіт болған. Тінту кезінде олардан тапанша мен оның оқтары, екі мылтық табылған. Жедел тергеу тобы қаруды баллистикалық сараптамаға жіберді», – деді жергілікті полиция қызметінің патрульдік полкінің командирі Айтжан Әлмұханбетов. 

Оның айтуынша, «Тойота» жолаушылары мен жүргізушісі полиция учаскесіне жеткізілді. 

Бұл дерекке қатысты ҚР ҚК 287-бабымен қылмыстық іс тіркелді.