03 қыр, 2024 сағат 11:34

Алматыда оқушыларға мектепте "ұйықтап алуға" мүмкіндік туды

Фото: 24kz

Алматыдағы бастауыш сынып оқушыларына сабақ арасында демалу мүмкіндігі жасалды – мектептерде арнайы "ұйықтайтын парта" орнатылды. Бұл туралы "Хабар 24" хабарлады.

Бұл парталарда балалар үзіліс кезінде 20 минутқа дейін мызғып ала алады, бұл олардың дамып келе жатқан ағзалары үшін өте пайдалы. Заман талабына сай болу мақсатында мектептер жасанды интеллектіні де белсенді түрде қолдана бастады, бұл әдіс оқу үрдісін жеңілдетіп, қызықты әрі мазмұнды өткізуге көмектеседі.

Кейбір оқушылардың алыстан келіп, ерте тұратынына байланысты, олар ұйқысын қандырмайды, жолдағы кептелістер де шаршатады. Бұл факторлар олардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Енді үзіліс кезінде балалар парталарын төсектей созып, демала алады. Мұндай парталар Алматыдағы №15 гимназияның барлық бастауыш сыныптарына орнатылды.

"Бұл парталардың ерекшелігі – қоңырау кезінде балаларға 15-20 минут релаксация уақыты береді. Біз оның балалардың денсаулығы мен оқу үрдісіне қалай әсер ететінін тәжірибе жүзінде бақылап көреміз", - дейді мектеп мұғалімі Рауан Жанатханова.


Алматыдағы №15 гимназия жаңашыл мектептер қатарында. Биыл мұнда 20 кабинет жаңартылып, барлық мұғалімдер жасанды интеллекті қолдану бойынша курстардан өтті.

"Швейцарияда меморандумға қол қойған соң, ұстаздарымыздың барлығы дерлік бұл курсты аяқтады. Кейбіреулерінде керемет жетістіктер бар, ал кейбірі әлі де үйрену үстінде", - деп атап өтті мектеп директоры Бұлбұл Оспанбек.


Мектепте сонымен қатар ерекше театр, заманауи кітапхана, және психологиялық студия жұмыс істейді. Оқушылар өз қолдарымен сахналық заттар мен киімдер жасайды, ал тәрбие сағаттарында цифрлық құралдар қолданылып, оқыту тиімділігі артып келеді.