30 шіл, 2020 сағат 13:18

Алматыда өкпесінің 64 пайызы қабынған 87 жастағы әжей жазылып шықты

Алматыда провизорлық орталыққа өкпесінің 64 пайызы қабынып түскен 87 жастағы әжей жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы онлайн-брифинг кезінде Психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Психикалық сауықтыру орталығының М. Мақатаев көшесіндегі филиалы пандемияға байланысты провизорлық орталыққа айналып жұмыс жасауда. Осыдан екі-үш апта бұрын мұнда күніне 20-25 науқас түскен болса, қазір орта есеппен 8-10 адамға азайды. 

«Психикалық сауықтыру орталығының М. Мақатаев көшесіндегі филиалы 5 наурыздан бастап провизорлық орталыққа айналып, қызмет жасап келеді. Шетелден ұшып келген 1800 азаматтың барлығы осы орталықта болды. Оның 152-нен инфекция анықталып, оларды жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырдық. Бірінші шілдеден бастап біздің орталықта 350 провизорлық төсек жасалды. Яғни М. Мақатаев көшесіндегі орталықта 180 төсек болса, Ә. Кекілбаев көшесінде - 170», – деді спикер. 

Провизорлық орталықта 296 медицина қызметкері жұмыс жасайды. 

«Өкпесі қабынған науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Сырқаттарға қабынуға, бактерияға қарсы, сондай-ақ антикоогулянтті терапия және оксигенотерапия қолданылады. Бұл емнің бәрі Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен хаттамасы бойынша жүргізілуде. Біздің орталықта 10 реанимациялық төсек және 6 ИВЛ аппараты бар. Жыл соңына дейін тағы 4 ИВЛ аппаратын аламыз деп жоспарлап отырмыз», – деді орталық басшысы. 

Осы айдың басынан аталған провизорлық орталықтан 499 адам ем алып, жазылып шыққан. Оның ішінде 87 жастағы әжей де бар.

«1933 жылы туған апамыз біздің ауруханаға түсіп, 18 күн жатып, ем қабылдады. Бес күн реанимацияда жатты. КТ рентгені арқылы өкпесінің 64 пайызы қабынғаны анықталды. Ол кісі тиісті емнің арқасында он сегіз күннің ішінде сауығып шықты», – дейді Сапар Рахменшеев. 

Айта кетсек, провизорлық орталық ашылғалы бері жасы 55-тен жоғары 207 науқас емделген. Оның 152-сі жазылып шықса, қалғандары ем қабылдап жатыр. Бүгінде Мақатаев көшесіндегі провизорлық орталықта 103 адам, ал Ә.Кекілбаев көшесіндегі орталықта 125 науқас ем алуда. Яғни бұрынғыдай емес науқастар саны азайған әрі бос орындар да бар.

Директордың айтуынша, пандемияға қарамастан орталық өзінің тікелей міндеттерін тоқтатқан жоқ. Яғни диспансерлік бақылауда тұрған психикалық я болмаса наркологиялық ауытқулары бар ауруларды орталыққа жатқызып, емдеу жүргізілуде. Психологиялық көмек көрсету де тоқтатылған жоқ.