Алматыда өкпесі 100% зақымданған әйел шұғыл көмек көрсету ауруханасынан емделіп, үйіне шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматылық Майра Құспанованың айтуынша, бүгінгі туған күнін ешқашан ұмытпайды. Ол өзінің туған күнінде Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасынан аман-есен шықты. Мұнда ол бір ай коронавирустен емделді.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас ауруханаға 1 сәуір күні өкпенің 100 пайыз зақымдануымен ауыр халде түскен. Оның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер жансақтау бөлімінде екі апта күресті. Ол өкпені жасанды желдету аппараты мен Higt Flow-да бес күн, өкпені инвазивті емес желдету аппаратында үш күн жатты.
«Мен өз-өзіме келе алмай, тыныс алу аппаратында жатып, о дүниені көрдім десем болады. Ақ халатты абзал жандарға мың алғыс. Атап айтар болсам, Гүлнар Бердалина, Гүлмира Тойбаева, Жанат Әбдімолдаева, Бактияр Бекішев, Айдан Нұрлыбек, барлық медбикелер мен санитар қыздарға екінші өмірді сыйлағаны үшін көп рақмет. Коронавирусқа әлі де сенбейтін адамдарға, вакцина салдыртып, күтім жасауды ұсынамын, денсаулыққа артық қауіп төндірудің қажеті жоқ», - дейді Майра Құспанова.
Науқастың күнделікті емдеу барысын бас дәрігер Алмаз Джувашев бастаған аурухана меңгерушілері бақылап отырды.
«Пациенттің сауығуы түрлі мамандықтағы дәрігерлердің уақтылы көмегі, командалық жұмыс пен науқастың өзінің емделуге деген пейілінің нәтижесі. Және ең бастысы реаниматологтардың арқасы»,- дейді дәрігер Гүлмира Тойбаева.
Бүгін аурухана қызметкерлері Майра Құспанованы туған күнімен құттықтап, үйіне шығарып салды.
