Алматыда «РадиоММ» Медиаметрикс KZ қоғамдық радиосының студиясын тонап кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қылмыскер студияға таңғы 5-те терезе арқылы кірген. Күзет дабылын күзетшілер естімеген сыңайлы. Ер адам өзін түсіріп жатқан камераларды байқамаған. Түнгі камераларда оның жүзі анық түсіп қалған.
Ұры жалпы құны 2 млн теңгенің мүлкін, студия жабдықтарын, камера пульттерін алып кеткен. Тек микрафондарды далаға лақтырып тастаған.
Радионың басшысы, Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шафкат Сабыров ұрылардың қасақана тонағанын болжап отыр.
«Бұл әдейі істелген қастандық. Оған біреулер жол көрсетті. Мен сондай қауіптен үнемі есіктерді жауып жүретінмін. Ғимарат әкімшілеріне терезеге тор салуды талап етіп жүрмін», - деді Ш. Сабыров.
Қазіргі таңда радио эфирі үзіліп қалды.
«Медиаметрикс KZ радиосы Қазақстандағы ең алғашқы қоғамдық радио. Ақпарат құралы азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған. Мұнда сарапшылар радио жүргізушісі ретінде қатысады. Кей бағдарламалар алдын ала жазылып қойылған. Хабар интернет арқылы таратылады. Шамамыз келгенше 1 аптаның ішінде эфирді қалпына келтіруге тырысамыз. Жан-жақтан адамдар хабарласып жатыр. Қаржы жинауымыз да ғажап емес», - деді Ш.Сабыров.
Сонымен қатар, Сабиров ұрының тәжірибесіз болғанға ұқсайтынын айтады.
"Видеокамераға түсіп қалған, оның үстіне оның әккі ұры емес екені байқалады. Ол қосулы тұрған камераны үстел үстіне жылжытып қойған", - дейді ол.
Сайтта дыбыс жолы (подкасты), онлайн трансляция, Youtube арқылы видео трансляция жүргізіледі. Мобильді қосымша мен мұрағат бар.
Қоғамдық радио белгілі қазақстандық сарапшылармен, саясаткерлермен мемлекет қызметкерлерімен сұхбат жүргізеді.