Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында локдаун туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, 2020 жылдың наурызымен салыстырғанда 2021 жылы ауру жұқтырғандар саны 1,8 есеге артты.
"Жыл басынан 26 сәуірге дейін қалада коронавирус жұқтырудың 33 230 фактісі тіркелді. Өткен жылы барлығы 18,5 мың болатын. Яғни бұл көрсеткіш биыл 1,8 есеге артып отыр. Соңғы тәулік ішінде 689 адамнан коронавирус табылды. Яғни, Алматыдағы жағдай пессимистік сценарий бойынша өршіп тұр", - деді Бекшин брифингте.
Бас санитар дәрігер коронавирус жұқтыру бойынша бұған дейін барлығы 14,5 мың жағдай тіркеледі деген болжам болғанын айтты. Енді сәуірдің үш аптасында 13 697 адамның ағзасынан коронавирус анықталған.
"Яғни біз дайындаған болжам дөп келіп тұр", - деді ол.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, мамыр айында демалыс күндерге байланысты ауру жұқтырушы адамдар саны артуы мүмкін, ал мамырдың ортасынан бастап қана ауру көрсеткішінің төмендеуі ықтимал.
"Жағдайды болжау бойынша топ құрдық. Ол оң сипаттағы болжамдар ұсынып отыр. Алматыда локдаун енгізетіндей жағдай ушыға қоймайды", - деді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар, ол Үкіметтен вакцина көп бөлінгенін атап өтті. Алматыда халықты белсенді вакцинациялау жүріп жатыр.
