07 мау, 2021 сағат 15:58

Алматыда коронавирус ауруының төмендеуіне қандай шаралар әсер етті?


Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин коронавирус ауруын азайту мен сақтану шаралары туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мегаполистің мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ashyq жүйесін енгізу арқылы аурудың төмендеуіне шағын және орта бизнес нысандарын мониторингтік топтардың жүйелі бақылауы әсер еткенін атап өтті. 

Сондай-ақ қоғамдық орындарда (кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында, балалардың ойын алаңдарында) профилактикалық дезинфекция жүргізу оң нәтиже берді.

Жандарбек Бекшин Алматыда Ashyq жобасы осы жылдың ақпан айынан бастап жүзеге асырылып жатқанын еске салды. 

Оның міндеттерінің бірі – жұқтырған тұрғындар мен олардың байланыс жасаған тұлғаларының қоғамдық орындарға баруын шектеу. Сондай-ақ, екі апталық үй карантинін сақтау міндетті. 

Спикердің мәліметінше, жоба басталғаннан бері Алматыда өз мәртебесін сканерлеу нәтижелері бойынша 1235 тұрғынның қызыл мәртебесі расталды, 298 тұрғынның сары мәртебесі анықталды.

Жобаның тағы бір артықшылығы – мобильді қосымшаның көмегімен үй карантинін бұзбай «қашықтан» тексеру мүмкіндігі бар. Осылайша, қосымшаның арқасында Алматыда 649 тұрғынның қызыл мәртебесі, 144 тұрғынның сары мәртебесі расталды. 

«Жүргізілген шаралардың, сондай-ақ Ashyq жобасының нәтижесінде КВИ бойынша тәуліктік өсім 6 есеге төмендеді. Соңғы тәулікте Алматыда мамыр айының алғашқы күндерінде 605 – 608 жағдайға қарсы коронавирустың 143 жағдайы тіркелді», - деді Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, ол кәсіпкерлерді жоба талабына адал болуға, белгіленген шектеулерді сақтауға шақырды, өйткені жоба карантиндік жеңілдіктермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.