Алматыда караоке-бар мен түнгі клубтың иелері жазаланды, Бостандық және М.Әуезов аудандарында орналасқан екі мекеме карантинге қарамастан жұмыс істеген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Тәртіп сақшылары клубтарға келген кезде ішінде адам көп болған. Біреулер туған күн тойлап жатса, басқалары көптен бері кездеспегендеріне орай жиналған.
«Жергілікті тұрғындар 4-ықшам ауданда түнгі клубтың жұмыс істеп тұрғаны туралы полицияға хабарлаған. Тұрғындардың белсенділігі үшін ризашылығымызды білдіреміз. Тексеру нәтижесінде осы мекемеден біздің бөлімге 30 адам жеткізілді, олардың 6-уы персонал. Клуб қызметкерлерінің айтуынша, мекеме 32 жастағы қожайынының бұйрығымен жұмыс істеген. Адамдар алкоголь ішіп, би билеп, қорқор шеккен. Айтпақшы, мұның барлығы инфекцияның таралуының тікелей себепші болатын факторлар. Өкінішке орай, мұны азаматтар біле бермейді. Бірақ карантинді сақтау шаралары, ең алдымен, өзіміздің қауіпсіздігімізге бағытталған», – деді М.Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Әлішер Тұрсынбетов.
Бостандық ауданының полиция қызметкерлері жұмыс істеп тұрған караоке клубты әшкереледі. Мұнда 12 адам болған. Бұл жерде келушілерге эротикалық массажға дейін көптеген қызмет ұсынылды.
«Ұсталғандарға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 476-бабы 6-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен олардың 9-ы әкімшілік қамауға алынды, қалғандарына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Біз азаматтарды, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілерін төтенше жағдай және карантин ережелерін сондай-ақ, олардың талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Әйтпесе, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.