28 сәу, 2020 сағат 12:50

Алматыда карантин ережесін бұзған 577 адам қамауға алынды

Алматыда осы уақытқа дейін карантин режимін бұзған 1 965 адамға әкімшілік хаттама толтырылды, оның 577-сі қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов брифинг барысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, карантин басталғалы Алматы полициясы қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жіті жүргізіп келеді. Десекте, карантин режимін бұзатындар саны азаяр емес. 

«Жалпы, карантин енгізілгеннен бастап, сотпен төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 1 965 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 577 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды, 1 054 адамға айыппұл салынды, 334 адамға ескерту жасалды. Сондай– ақ, блокпосттарды айналып өтіп, қалаға кірмек болған 397 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 169-ы қамауға алынды, 184-не айыппұл салынды, 44 адамға ескерту берілді», - деді онлайн брифинг барысында Қанат Таймерденов. 

Сонымен қатар ол, қаланың ішінде орнатылған 41 бекетте 54 мыңнан астам көлік тексерілгенін атап өтті.