26 шіл, 2019 сағат 11:46

Алматыда екі адам автобус жүргізушісін соққыға жықты

Алматыда екі ер адам автобус жүргізушісін соққыға жықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қоғамдық көлік жүргізушісіне қол көтергендердің бейнежазбасы Instagram желісінде жарияланды.

Қоғамдық көлік ішіндегі бейнебақылаудан ер адамның автобусқа кіріп, жүргізушінің қасына келгені көрінеді. Кейін олардың өзара дауласып жатқанын байқауға болады. Бір кезде автобусқа мінген адам жүргізушіге қол жұмсайды. Олардың жанына тағы бір ер адам жүгіріп келеді.

Жолаушылар тасымалдайтын «Бату Тревел» компаниясының мәліметінше, келеңсіз оқиға 21 шілде күні болған.

«Ол кезде автобус жүргізушісі жанармай бекетіне бара жатқан. Автобустың алдын кесіп көлік тоқтаған. Жол-көлік оқиғасынан қашып, солға бұрылған автобус жүргізушісі оған сигнал беріп кетеді. Қоғамдық көлік жүргізушісінің бұл қылығы ұнамаған болу керек, ол автобусты қуып жетіп, жолын бөгейді. Кейін автобусқа кіріп, жүргізушіні соққыға жыққан. Пышақпен қорқытқан», - дейді компания өкілі.

Автобус жүргізушісі қашып шығып, жанармай бекітіндегі адамдардан көмек сұраған. Тәртіп сақшылары бұзақыларды бір күннен кейін ұстады.

«Бұзақылар мас болып шабуылдаған. Олар кінәсін мойындады, кешірім сұрады, моральдық шығын төледі, жүргізуші кешірді», - деді компаниядағылар.