Фото: видеодан скриншот
Желіде 1 миллион теңге шайпұл алған даяшының видеосы жұртты таңғалдырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл тосынсый Алматыда білім алып жүрген 18 жастағы студент қыздың өмірін өзгерткен сәттердің бірі болды. Екі жұмыс істеп, шетелге шығуға ақша жинамақ болған бойжеткен дәл мұндай жомарттықты күтпегенін айтады.
Stan.kz басылымына берген сұхбатында Адэма Асқарова Шымкенттен келгенін, ҚазБСҚА университетінде 2-курста оқитынын айтқан. Ол Алматыдағы шайханалардың бірінде жұмыс істеп жүргеніне әлі бір ай да болмаған. Оқиға түскі уақытта орын алған. Шайханаға келген бейтаныс алты адам екі топқа бөлініп отырды. Қызметін әдеттегідей сыпайы көрсеткен даяшы олардан ерекше ештеңе күтпеген. Қонақтар жеңіл тағамдар ғана айтып, QR арқылы төлем жасаған. Біраз уақыттан соң даяшыны атымен шақырып, мейрамхана жайлы пікір айтып жатқан сәттерін видеоға түсіре бастаған.
Сол сәтте олар бойжеткеннен өмірінде алған ең көп шайпұлының көлемін сұрайды. Ол 15 мың теңге екенін айтқан. Жауаптан кейін қонақтар оған 1 миллион теңге табыстап, бұл сыйлық екенін жеткізген. Әуелде мұны әзіл немесе жалған ақша деп қабылдаған қыз төменгі қабатқа барып, ақшаны санаған – 20 мың теңгелік 50 купюра екен. Сәлден соң банкоматқа барып, қаражатты бірден шотына салып көрген.
Даяшы қыз бұл жаңалықты алғаш болып ата-анасына жеткізген. Айтуынша, жаз бойы ақша жинап, "Work and Travel" бағдарламасына қатысуды армандап жүрген. Оқу аяқталғанша мұндай мүмкіндікке ие болу үшін енді бір-ақ жылы қалған. Сондықтан да ол екі жұмыс істеп, 2 миллион теңге жинауды мақсат еткен.
Ал жұмыс істейтін шайхана әкімшілігі де, әріптестері де бұл оқиғаға таңданыстарын жасырмаған. Қызметтестері аздап қызғана қарағанымен, ерекше оқиға жұмыс орнында көптің есінде қалатын сәтке айналды.