20 қаң, 2020 сағат 06:50

Алматыда дәстүрлі әншіні зорламақ болған

Алматыда танымал әнші жапа шекті. Белгісіз бір адам оның көлігіне отырып алып, зорламақ болған. Бұл туралы әлеуметтік желідегі «НеМолчи.kz» парақшасында жарияланды.

Оқиға 11 желтоқсан күні кешке болған. Әнші Уатхан Зақанқызы көлігін оталдырып, жылытып отырғанда алдыңғы орындыққа бетперде киген белгісіз бір адам отырып алады. Ол әншінің алқымына пышақ тақап, «айқайламауды, дегенін істеуді» бұйырыпты. Көлікпен ел арасында «Татарка» аталған ауданға келген. Ол әншінің аузын таңып, телефонын ақтарған да, ақшасының бәрін өзіне аударып алыпты. Тіпті Уатхан Зақанқызын зорламақ болған. Әнші аяғы ауыр екенін айтқан соң ғана қылмыскер арам ойынан бас тартқан сыңайлы.

Бұл туралы әншінің өзі былай деп жазды: «Көрер күнім бар екен-ау!? Бүгін шамамен түнгі 23.30-00:00 кезінде әдеттегідей бір кешті атқарып, көлігіме отырып, қыздыра бастадым. Алматының қақ ортасы.Кенет бір еңгезердей еркектің бейнесін байқадым.Бетінде маска.Асығыс көліктің артқы есігін ашты да, отыра салысымен аузымды басып, тура мойнына пышағын тақағанда денем мұздап кетті.(Алғашында тойдағы әріптестердің қалжыңы шығар деп ойладым). Олай болмады. Бір кезде ол «Көлікті оталдыр, мен айтқан бағытта жүре бер» деді.

Қазақ екен.Келе жатырмыз. Мойнымда пышақ! Алматының елеусіз көшелеріне кіріп, көздерден таса болдық! Бір сайда тұрмыз. «Ал енді қанша ақшаң бар, шығар?!» деді.

Сумканы өзі алып, көк тиын қалдырмай қалтасына басты. Карточкаларымды да тексеріп үлгерді. Бір кезде қыл арқан мойныма байланып, дем жетпей жатқанын сезіне  бастадым. Сансыз ойлар! Дәм-тұзымның таусылғаны осы шығар дедім! Өмірім көз алдымнан өтіп жатыр. Қорқынышты!

Бір кезде «мен сені өлтірмеймін деп шештім» деді әлгі құбыжық.

Жөтеліп жатырмын. Қойш, не керек қалаған бағытында көшелерді кездік. Аттай 5 сағат! Ол жасаған арам істерін сырасын жұтып қойып, масайрап айтып отыр.(Менің еңбектеніп тапқан ақшамды жаратуда). Қолым байлаулы. Әбден жалындым! Алдадым! Соңында мені жіберетін болып шешті. Бір жерден түсіп қалды. Сене алар емеспін! Бірден ІІБ не бет алдым. Мойным, қолым тілінген. Түрім от сөндіргендей. Шок! Бейне бақылау камераларына түспегендіктен, қолында қолғап болғандықтан ештеңе жасай алмайтындарын айтты.

Сөйтіп үйге келдім. Қазақ бауырлар-ау, сонша бір-бірімізге жауға айналғанымыз ба? Қалай жібере салды мені? Қанды қол қарақшының қолынан қандай құдірет аман алып қалды? Сене алар емеспін. Сақ жүріңіздерші! Байқап жүріңіздер! Енді үйіме келген соң, көз жасыма еріксіз жол бердім», – деп дәстүрлі әнші басынан өткен оқиғаны қынжыла жеткізді»​.

Әнші бірден Алмалы аудандық полициясына арыз жазған. Полиция үш тәуліктің ішінде күдіктіні қолға түсірді. Кейіннен күдіктінің қолынан тағы бір қыздың жапа шеккені белгілі болды.