Алматы қаласында бір тәулікте 1 993 адам коронавирусқа қарсы вакцина алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, 31 мамыр күні 1 993 алматылық вакцина салдырды. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 31 мамыр аралығында қалада барлығы 306 078 адамға екпе салынды.
Қалада 211 пункт жұмыс істеп тұр. 1 256 адамнан тұратын 307 егу бригадасы бар. Сонымен қатар, 40 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылды.
«Қазіргі медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» деп нақтылады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Айта кетейік, бүгін Қытай елінен CoronaVac вакцинасының 500 мың дозасы Алматыға жеткізілді.
CoronaVac вакцинасын Қазақстан аумағында қолдануға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдады.
Ол елде қолданылып жүрген QazVac, «Спутник V» және Hayat Vax вакциналарының тізбесін толықтырады.
