Алматы қаласы Бостандық ауданында көпқабатты үйдің маңынан өтіп бара жатқан әйелдің басына мұз түсіп ажал құшты, деп хабарлайды Sputnik.
Қайғылы жағдай 20 қараша күні сағат 13:45 шамасында Әл-Фараби даңғылынан төмен Марков көшесінің бойында болды. Полицияның алдын ала нұсқасы бойынша, Adal Residence тұрғын үй кешенінің жанынан өтіп бара жатқан әйел басына 11-қабаттан мұз түсіп көз жұмған.
Қайғылы жағдайды куәгерлер видеоға түсіріп алған.
"Қазіргі сәтте марқұм әйелдің кім екені анықталды. Ол көзі тірісінде жақын маңайдағы үйде тұрған. Ауыр жарақат салдарынан 60 жастағы жәбірленуші сол жерде көз жұмды", — деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оның айтуынша, оқиға болған жерде тергеп-тексеру тобы жұмыс істеген. Факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелген.
Оқиғаға қатысты Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімдігі де түсінік берді.
Аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жанат Жақсыбаевтың айтуынша, аталған үйдің шатырларын тазалау жұмыстары өткен аптада ғана жүргізілген.
«Тазалау жұмыстарын «Верный выбор» пәтер иелері кооперативі жүргізді. Үйдің шатыры мұздан, қардан тазаланған. Тек бір пәтерге ғана жұмысшылар кіре алмай қойған. Шатырды тазалау үшін жұмысшылар 9-қабаттағы пәтерге кіруі керек болған. Ал ол пәтер жабық болған. Кішкентай ғана мұз сүңгісі еріген сумен қосылып үлкен кесекке айналған да, үзіліп түскен», - деді Жанат Жақсыбаев.
Оның айтуынша, марқұм болған әйел аталған үйдің тұрғыны емес. Аудан әкімдігі оның жақындарына барынша көмек көрсетпек.
«Өтемақы мәселесін аудан басшылығымен ақылдаса отырып қарастырамыз. Әзірге қайтыс болған әйелдің туыстарымен хабарласып, қандай көмек қажеттігін анықтаймыз», - деді Ж.Жақсыбаев.
Полиция көз жұмған әйелдің денесін алып кетті. Ал ПИК төрағасынан жауап алынып жатыр.