16 қаң, 2022 сағат 13:59

Алматыда баласын емізіп отырған әйел оққа ұшты


Алматыдағы бүлік кезінде көлікте бала емізіп отырған әйелдің басына оқ тиіп, көз жұмды. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында журналист Гүлмира Әбіқай жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, балалар омбудсмені бұл оқиғадан хабарсыз. 

"Бүркітбаевтар бір-ақ күнде қара жамылды. 5 қаңтарда қызуы көтеріліп, мазасызданған 7 айлық Нұрымға дәрі алуға шыққан отбасы анадан айырылды. 35 жастағы Жанар кішкентайын емізген күйі басына оқ тиіп мерт болды. Азан-қазан жылаған бала, қанға бөккен бөпе, есеңгіреген отағасы", - деп жазды ол.

Журналистің сөзінше, есі шығып кеткен отағасы сол күйі қаладағы қайын әпкесіне барады. Олар түсінбей, абдырап , бірінші кезекте жедел жәрдем шақырған, бірақ ол келмеді.

"Жарын өздігінен 4-ші ауруханаға апарғанда, дәрігерлер оқ басын тесіп, ми ішінде қалғанын, азаматша сол мезетте-ақ жүріп кеткенін айтқан", - дейді ол.

 Марқұм әйел Жамбыл облысына апарып жерленген.

"Бұл өлімнен ресми билік, балалар омбудсмені хабарсыз. Отбасына көңіл айтып келген ешкім жоқ. Кеше отағасының шақыруымен үйлеріне мен бардым. 4 баланың үлкені 7-де, 4-те, 2-де, кішісі енді еңбектеп жүр. Қала шетіндегі жалдамалы времянка. Сұлтан құжатпен жүгіріп жүр, Нұрым емшектен шығып, ешкінің сүтіне көшуде, қыз бақшадан қалды, ертең мектеп… жағдай қиын", - деп жазды журналист.

Айтуынша, отбасы осы айдың балаларға арналған 76 мың теңге жәрдемақысын да ала алмады. 

Журналист халық болып отбасыға материалдық көмек көрсетуге үндеді.