08 мау, 2021 сағат 13:30

Алматыда Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлер саны 1,7 мыңға жетті


Алматыда Ashyq жобасына қатысушылар саны 1700-ге жетті. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның мәліметінше, сәуір айында Ashyq жүйесін 367 кәсіпкер қолданса, қазір олардың саны 1700-ге жеткен.

«Жобаға қатысушылар тізімінде 128 фитнес-орталық, 40 СПА-салон, 38 бассейн, 5 боулинг-клуб, 18 бильярд, 110 компьютерлік клуб, 110 монша, 1096 қоғамдық тамақтану нысаны, 33 караоке, 19 кинотеатр, театрлар мен концерт залдары бар», - деді ол.

Сондай-ақ ол тестілік режимде 232 бизнес субъектісі жұмыс істеп жатқанын және жобаға ерікті түрде 44 нысан қатысуға ниет білдіргенін жеткізді.

«Жоба Kaspi.kz-пен бірікті, енді сіз мәртебеңізді банк қосымшасында біле аласыз. Сондай-ақ келесі кезеңде сервисті Egov Mobile мен Halyk bank-те жариялау жоспарланды. Алдағы уақытта қамтылатын қызмет саласы туралы айтатын болсақ, бұл - барлық әуежайлар, теміржол вокзалдары, фудкорт, ЖОО мен басқалары», - деді Айтуар Қошмамбетов.