18 мам, 2021 сағат 19:02

Алматыда асфальт опырылып, көшенің ортасында үлкен шұңқыр пайда болды


Алматының Төле Би көшесінде асфальт опырылып, жолда үлкен шұңқыр пайда болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралған.

Қалалық әкімдік бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Төле би - Өтеген батыр көшелерінің қиылысында асфальт опырылып, үлкен шұңқыр пайда болды. Қазір «Алматы Су» компаниясы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Содан кейін асфальт төселеді», - деп хабарлады Алматы қаласының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасынан.

Өз кезегінде «Алматы Су» кәсіпорны асфальт кешке дейін қалпына келтірілетінін атап өтті.

«Бүгін кешкі сағат 22-ге қарай Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысындағы жол қалпына келтіріледі. Алдын ала зерттеу деректері бойынша диаметрі 2 метрге жуық шұңқыр көше қиылысының астынан өтетін қалалық коллекторлық секция D-1000 мм еден плитасының бұзылуына байланысты пайда болды», - деп толықтырды «Алматы Су» ММ.