15 там, 2025 сағат 16:24

Алматыда ас беру мәдениетін қалыптастыруға арналған жиын өтті

Фото: Muftyat.kz

Алматы қаласының Орталық мешітінде «Ас беру мәдениеті: салт сабақтастығы, ұрпақ ұлағаты» тақырыбында зиялы қауым өкілдерінің пікіралмасу жиыны өтті. Шараны Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы Орталық мешіті ұйымдастырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жиынға қаламгерлер, қала әкімдігінің өкілдері, имамдар, ҚМДБ және БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараны ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, исламтанушы ғалым Төрәлі Қыдыр жүргізді.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов ас беру мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, мүфтияттың арнайы құжат қабылдауын дер кезінде жасалған қадам деп бағалады.

ҚМДБ-ның «Дін мен Дәстүр» бөлімінің басшысы Нұрбек Есмағанбет Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, өңірлерде ас беру тәртібін бірізділікке түсіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Алматы Орталық мешітінің бас имамы Төлеби Дәділұлы марқұмды шығарып салу рәсімінде ысырапқа жол бермеу және шариғатқа сай атқару қажеттігін көтерді. Ол қонақ асын үйде беру, жаназа намазын мешіт ауласынан шығару және ҚМДБ бекіткен мәзірді ұстану ұсынысын айтты.

Жиында жазушы Кәдірбек Сегізбай, халық жазушысы Смағұл Елубай, профессор Шамшәдин Керім және басқа да зиялы қауым өкілдері ас беру мәдениетін бір жүйеге келтіру бойынша пікірлерін білдіріп, ҚМДБ бастамасын қолдады.