17 шіл, 2019 сағат 11:59

Алматыдағы шұғыл операция: төрт қауіпті қылмыскер ұсталды

Алматы полициясы арнайы операция кезінде төрт рецидивистен граната, тапанша, оқ-дәрі және пышақ тәркіледі. Жедел ақпаратқа сүйенсек, ұсталғандар заңсыз қару-жарақ сақтап, сатумен айналысқан, деп хабарлайды қаланың полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның хабарламасында айтылғандай, ұсталғандар бұрын әйел зорлағаны үшін сотталыпты.

"Тәркіленген заттай айғақтарға баллистикалық және дактилоскопиялық сараптама тағайындалды", - деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті.

Ұсталғандар қамауға алынған. Қазір тергеу басқармасы ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлімі бойынша (Атыс қаруы (тегiс ұңғылы аңшы қаруынан басқа), оқ-дәрi, жарылғыш заттар немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) қылмыстық істі тергеп жатыр.

Ұсталғандардың айыбы дәлелденген жағдайда, олар  12 миллион 625 мың теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге міндеттелуі мүмкін немесе сондай мөлшерде түзету жұмысына салынады, я болмаса бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сонша уақыт бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.