Фото: qazdauiri.kz
Алматыда бірнеше адам "Amir Capital" қаржы пирамидасын ұйымдастырып, басқарды деген күдікке ілінді. Күдіктілердің бірі екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Өзін халықаралық инвестициялық қор ретінде таныстырған Amir Capital компаниясы үш жыл бойы Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан азаматтарынан қаржы тартқан. Компания өкілдері криптовалюта саудасы, майнинг және түрлі инвестициялық жобалар арқылы 5–10% мөлшерінде табыс уәде еткен.
"Инвесторлар компанияның ресми сайты арқылы арнайы реферальды сілтемемен тіркелген. Жеке кабинеттерге қаражатты енгізу криптовалюта түрінде (USDT, BTC, ETH) Amir Wallet әмияны арқылы жүзеге асқан", – делінген агенттік хабарламасында.
Түскен қаражат қаржы пирамидасы қағидаты бойынша бөлініп отырған — яғни, бұрын тіркелген қатысушыларға төлемдер кейінгі салымшылардың қаржысы есебінен жүргізілген.
Нәтижесінде, бұл қаржы пирамидасына 40-тан астам адам тартылған.
2021 жылдың соңында салымшылар amir.capital платформасындағы жеке кабинеттерінен қаражат шығара алмай қалған. Ұйымдастырушылар бұл жағдайды техникалық ақаумен түсіндіріп, төлемдерді қайта жандандыруға уәде берген. Алайда кейін қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігі қалпына келтірілмеген.
"Сот құны 10 миллион АҚШ долларынан асатын криптоактивтер мен Алматы облысындағы жер телімін бұғаттауға санкция берді", – деп хабарлады агенттік.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.
