10 қаң, 2020 сағат 06:46

Алматыда адамдарға пышақ ала жүгірген ер адам психдиспансерге жеткізілді

Алматыда психиатриялық диспансерде есепте тұрған ер адам дүкеннің сатушысы мен өтіп бара жатқан адамға пышақ ала жүгірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға 8 қаңтар күні Достық шағынауданында орналасқан базарда орын алған. Алматы қаласы Әуезов ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне жасы шамамен 25-30-дағы ер адамның кетіп бара жатқанға және дүкен сатушысына пышақ ала ұмтылғаны туралы хабарлама келіп түсті.

«Жедел іздестіру шарасын жүргізу кезінде күдікті ретінде ер адам ұсталды. Ол 2011 жылдан бастап психиатриялық диспансерде «параноидтық шизофрения» диагнозымен есепте тұрған. Жедел медициналық жәрдем бригадасы пышақпен шабуыл жасаған ер адамды Алматы қаласының «Психикалық денсаулық орталығына» жеткізді», - деп хабарлады полицияда.

Аталған факті бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.