Алматыда адамдарды көлігімен қасақана қағып, жасырынып жүрген екінші күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бірнеше сағат бұрын, Алматы қаласының Қылмыстық полиция басқармасы Бостандық ауданында 2019 жылы 26 тамызда адамдарды көлігімен қасақана қақты деген күдікке ілінген 1999 жылғы А-ны ұстады.
«Күдікті А. Алматы облысының аумағында полициядан жасырынып жүрген. Күдікті ПД тергеу бөліміне жеткізілді», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Мендебаев.
Естеріңізге салайық, оқиға 26 тамыз күні, тағы сағат 4-тер шамасында болған. Әлеуметтік желіде көліктің бірнеше адамды қағып кеткен видеосы жарияланды.
Сол күні, дәрігерлер көлік қаққан үш адамның жағдайы туралы айтты.
Тәртіп сақшылары адамдарды қаққан көліктерді тауып, арнайы автотұраққа жеткізді.
Күдіктілер ағайындылар екені анықталды. Аналары балаларының мұндай қадамға өздерін қорғау үшін барғанын алға тартты.