25 жел, 2020 сағат 13:18

Алматыда 826 кг сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленді

Алматыда полиция қызметкерлері 826 кг сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіледі.

Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков онлайн брифинг барысында айтты. 

«Жаңа жыл мерекесі кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Полиция департаментімен бірлесіп, пиротехникалық өнімдерді заңсыз сату орындарын анықтау үшін 2020 жылғы 15 желтоқсаннан 2021 жылғы 7 қаңтарға дейінгі аралықта бірлескен шаралар өткізу Жоспары жасалып, бекітілді. Бұл жоспарды іске асыру шеңберінде 40 шара өткізіліп, полиция қызметкерлері 826 кг сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіледі. 

Полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196 бабының 1-бөлімі бойынша 8 әкімшілік хаттама толтырды. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен және өзге заттармен сауда жасағаны үшін 25 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл қарастырылған. Тұрғындар арасында пиротехниканы дұрыс қолдану туралы 2000-нан астам жадынама, брошюра мен ескертпе таратылды», - деді Ерлан Әлібеков.

Оның айтуынша, Алматы қаласында жыл сайын жаңа жыл мерекелерінде 10-нан 15-ке дейін өрт болады. Ал өрттің 30 пайызы пиротехникалық бұйымдарды қолдану салдарынан болған. Соңғы 5 жылда болған 76 өрттің 16-сы пиротехниканы қолданудан болды.

«Ең алдымен пиротехникалық өнімдерді сатып алғанда, орамның тұтастығына және оның жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз. 14 жасқа дейінгі балаларға пиротехниканы өз бетімен қолдануға жол бермеңіз. Пиротехниканы қолдану кезінде өнімді өзіңізден алыстау ұстаңыз. Қауіпті аймақ радиусында (50 метр) пиротехниканы ұшыруға ешқандай кедергі (ағаш шоқтары, сызықтар, отшашулар бағытын өзгерте алатын электр желілері) жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Шыршалар мен олардың әшекейлерін орнату кезінде ағаштар орнықты негізге орнатылып, үй-жайдан шығуға тосқауыл болмауы керек, шыршаның бұтақтары қабырға мен төбеден кем дегенде 1 метр қашықтықта орналасуы қажет, трансформаторсыз электр желісін пайдаланған кезде кернеуі 12 вольтке дейінгі шамдарды қолданыңыз. 

Шамдардың рұқсат етілген қуаты 25 ваттан аспауы керек. Егер жарықтандыру кезінде ақау анықталса (сымдардың қызуы немесе ұшқын шығару), онда гирляндыны дереу электр желісінен ажыратыңыз. Зақымданған немесе қорғаныш қасиеттерін жоғалтқан, өрт тудыруы мүмкін жарамсыз электр желілерін пайдаланбаңыз», - деді Е.Әлібеков. 

Оның айтуынша, жасанды және табиғи шыршаның екеуі де өртенетін материалға жатады. 

«Сондықтан санитарлық нормалар мен ережеге сәйкес оларды орнатудың талаптары мен қауіпсіздігін ғана ескеру керек», - деді ол.

Алматы Жедел медициналық жәрдем қызметінің бас дәрігері Біржан Оспановтың айтуынша, жаңа жыл мерекесінде көбінесе адамдар ауруханаға күйікпен, сынықпен, уланумен түседі. 

«Былтыр мысалы бізде ең жас кіші пациент 4 жаста болды. Ұл бала бенгаль оттарынан көзі күйік шалып түсті. Дер кезінде ауруханаға жеткізіп, емдедік. Қалада мереке күндері 200 бригада, 600 медицина қызметкері жұмыс істейді. Егер оқыс жағдай болса, міндетті түрде жедел жәрдем шақырыңыздар», - деді Б.Оспанов.