11 қыр, 2019 сағат 09:52

Алматыда 22 жастағы Анастасия Галееваны өлтіргендер сотталды

Алматы облысында 22 жастағы бойжеткен Анастасия Галееваның өліміне күдіктілер сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сот алдында 27 жастағы Евгений Степанов пен 25 жастағы Асхат Баржақсин жауап берді. Судья Евгений Степановты ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлімі бойынша айыпты деп тауып, 12 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол жазасын қатаң режімдегі түзеу мекемесінде өтейді.

Ал Асхат Баржақсин ҚР ҚК 432-бабы бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орта деңгейдегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.

«Осындай жағдайға тап боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Анастасия тіріліп келмейді, оны жақсы түсініп тұрмын. Бұлай болғаны өте өкінішті. Бар ықыласыммен туыстарынан кешірім сұраймын. Бұл жағдайға мен ғана жауаптымын. Қамауда отырғанда көп нәрсені ойландым. Өмірлік құндылықтарымды қайта зерделедім. Мені бас бостандығымнан айырмауыңызды сұраймын. Мен жәбірленушілердің алдындағы міндеттерімді орындауым керек», - деді Асхат Баржақсин.

Айта кету керек, 22 жастағы қыз ақпанның 9-нан 10-на қараған түні Алматы облысы Жаңа Қуат коттедж қалашығындағы құрбысының үйіне шаш үлгісін жасауға барып, содан үйіне оралмаған. Анастасия құрбысының үйінен түн ішінде, сағат 23:30-да шыққан. 

Оқыс оқиғадан соң қызды іздеу шараларына 50 ерікті, кинологтар, полиция қызметкерлері кірісті. 2 айдан соң полиция қыздың денесін Іле ауданындағы Междуречинск ауылына жақын маңдағы каналдың шлюзінен тапты. 

Алдыңғы сот отырысында прокурор Марат Қасымов істің мән-жайын айтып берген болатын.