21 қар, 2022 сағат 14:55

Алматы тұрғыны өртеніп жатқан пәтерден зейнеткерді алып шықты


Алматы тұрғыны өз өмірін қатерге тігіп, өртеніп жатқан пәтерден зейнеткерді алып щықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Ер адамның ерлігі бейнебақылау камерасына түсіп қалып, әлеуметтік желіде жарияланды. Видеода көпқабатты үйдің бірінші қабатының қалай өртеніп жатқанын көрсетіледі. Сондай-ақ, әйел адамның жанып жатқан ғимаратқа кірмеуді өтінгені естіледі.

Артынша ер адам әлсіреген адамды көшеге көтеріп шығады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 20 қарашада Наурызбай ауданындағы "Шұғыла сити" тұрғын үй кешенінде болған. Таңғы сағат 5:20 шамасында өрт сөндіру бөлімдеріне қоңырау түскен.

"Келген кезде тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде тұрмыстық заттар мен жиһаз өртеніп, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенін анықтадық", - дейді ведомство өкілі. 

Қабылданған шаралардан кейін 10 минуттан соң өрт оқшауланған. Алайда өрт сөндірушілер келгенге дейін үйде 1950 жылы туған үй иесі болған. Оны осы тұрғын үй кешенінің 30 жастағы тұрғыны Еркебұлан Жанахметов құтқарып қалған. Ол өз өмірін қатерге тігіп, операциядан кейін өз бетімен қозғала алмайтын қарт адамды аман алып қалған.