Алматыда үш адамды қасақана қаққан көліктердің екеуі де табылып, арнайы автотұраққа жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу басқармасының мәліметінше, ақ түсті «Toyota Camry» және қара түсті «Toyota Avensis» көліктері айғақзаттар ретінде алынып, ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
«Екі көлікті де криминалистік зертхана қарап шықты, оларда соқтығысу белгілері бар. Тиісті сараптама тағайындалды.
Қазір машиналар мамандандырылған автотұраққа қойылып, қылмыс құралы ретінде оларға арест қою туралы тергеушінің қаулысы шықты», - деді Алматы қалалық ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Думан Аухадиев.
Алматының Гагарин көшесінде адамдарды қасақана қаққан күдіктілердің бірі 26 тамыз күні кешке ұсталған болатын. 1995 жылы туған азамат А. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адам қылмыс жасау кезінде ақ түсті «Toyota Camry» маркалы автокөлігін басқарған.
«Екінші күдіктінің жеке басы анықталды. Жақын арада міндетті түрде ұсталады. Ол отырған «Toyota Avensis» көлігін тауып, тәркіледік. Айта кету керек, қылмыстық істің материалдары аудандық полиция басқармасынан Тергеу басқармасының өндірісіне берілді. Бұл қылмысты тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды», - деді подполковник Аухадиев.
Естеріңізге салайық, 26 тамызда таңғы сағат 5-те Алматы қаласының Гагарин көшесінде арада болған жанжалдан кейін бір тараптың өкілдері өз қарсыластарын автомобильмен қасақана қағып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Видео әлеуметтік желіде тарады.
Зардап шеккендердің денсаулығы туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.
«Алматы №7 қалалық клиникалық ауруханаға 2 адам түсті. Біріншісіне ашық бас сүйек-ми жарақаты, мидың жеңіл дәрежедегі жарақаты, бастың оң жақ сүйегінің сыну диагнозы қойылды. Жағдайы - орташа ауыр. Екінші науқасқа жабық бас жарақаты, мидың шайқалу диагнозы қойылды. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Үшіншісі Орталық қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның сол аяғының тобығы, оң қол шынтағы жабық, сол қол шынтағына ашық сынған деген диагноз қойылып отыр. Жағдайы орташа ауыр», - деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасынан.